Индустрияландыру бағдарламасы аясында жыл басынан бері 34 жоба жүзеге асты
АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Елімізде жаңа индустрияландыру бағдарламасы қолға алынған өткен үш жарым жылдың ішінде 536 жоба іске қосылды.
Соның ішінде 34 жоба 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында жүзеге асып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен ведомствоның алқа мәжілісінде мәлім болды. Еске салсақ, алқада ағымдағы І жартыжылдық қорытындылары талқыланып, алдағы міндеттер сараланған болатын.
«Жалпы, өнеркәсіптік өндіріс қарқынының өсуіне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы төңірегіндегі ірі индустриялық және инфрақұрылым жобалары жағымды ықпал етті. Индустрияландыру картасы жаңартылғаннан кейін, жобалардың саны 872 дейін көбейді», - делінген баспасөз баянында. Министрліктің мәліметіне қарағанда, өткен алты айда индустрияландыру бағдарламасы аясында 34 жоба жүзеге асқан. Олардың ішінде, Ақсу ГРЭС-нің № 6 блогы, Атырау қаласындағы Құбыр арматурасын шығару зауыты, Тараз қаласындағы қуаты 600 мың тонна Күкiрт қышқылы зауыты секілді нысандар бар.
Жалпы, жыл соңына дейін бағдарлама аясында қосымша 112 жобаны іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, биылғы жылы Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа зауыты, Титан слябтарын өндіру зауыты, Қостанайдағы прокат зауыты және Астана қаласында аффинаж зауытын іске қосу көзделіп отыр.