Индустрияландыру бағдарламасы - экономиканы жаңғыртудың бас бағдары
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында шикізат ресурстарының жоғары бөліністі саласы мен осы бөліністерге қызмет көрсететін инфрақұрылымдарда жаңа ауқымды жобалардың қолға алынатынын мәлім етті,
деп хабарлайды pm.kz сайты.
«Индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз.Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді. Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс»,- деп мәлім етті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін Үкіметке үстіміздегі жылы Балқаш ЖЭС-ының бірінші модулінің құрылысын бастауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ бұдан басқа да бірқатар жаңа жобалар анықталды, олардың қатарында Жезқазған - Бейнеу және Арқалық - Шұбаркөл екі темір жол желісінің құрылысы, Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жоба, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы құны мұнайды терең өңдеу кешенін құруды қамтамасыз ету жобасы, Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеу зауытының жобасы бар.
Оған қоса, Президент Қазақстан экономикасының алдыңғы қатарлы кластерлерін құруды және әрі қарай дамытуды міндеттеді.