Индустрияландыру бағдарламасы түзетуді талап етеді - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы түзетуді талап етеді. Бұл туралы бүгін 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтағы индустрияландыру қорытындысы туралы кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Индустрияландыру бағдарламасы түзетуді талап етеді  - Н.Назарбаев

«Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығының басы әлем экономикасындағы үлкен мәселелердің көрініс табуымен тұспа-тұс келді. Бұл проблема, әрине, Қазақстанды сырт айналып өткен жоқ. Бұл біздің өндіріс пен қазақстандықтардың әлеуетіне әсер етті. Алдымыздан шыққан жаңа проблемалар индустрияландыру бағдарламасына біраз түзету енгізуді талап етеді. Нені түзету керек?» - деген Елбасы ең біріншіден, Үкіметке экспортқа назар салуды тапсырды.

«Біріншіден. Өзіміз көріп отырғанымыздай, экономика сырттан қатты қысым көріп отыр. Тауарлардың бағасы мен сұраныс азайды. Сондықтан, қазір біздің экономиканың өсімін қамтамасыз ететін жаңа көздерін қалыптастыру маңызды. Осыған байланысты, алдағы жылдары Үкіметтің күш-жігері бірнеше экспортқа бағытталған салаларға назар салу керек»,-деді Президент.

Ол бағыттың бірі өңдеуші өрнеркәсіп болса, екінші сала көлік саласы екенін атап өтті Н.Назарбаев.