Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында 2,5 трлн. теңгені құрайтын 651 жоба іске асырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы 5 жылдық нәтижелері және екінші бес жылдық кезеңнің жоспары талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жиында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева индустриялық даму біздің еліміздің тұрақты экономикалық өсуінің негізі екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, тақырып төңірегінде Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады. Оның айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жаңа индустриалды саясаттың негізін қалады. «Аталған мерзім ішінде 2,5 трлн.теңге көлемінде 651 жоба іске асырылды. 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның екенші кезеңінде жемісті жұмыс өз жалғасын тауып, жаңа табыстарға қол жеткізілмек», - деді министр. Халық қалаулылары бірінші кезең барысында орын алған олқылықтарды атап көрсете отырып, ол алдағы уақытта сабақ болуы керектігін ескертті. Сонымен қатар депутаттар бағдарламаның екінші кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін қозғап, нақты ұсыныстарын жеткізді.