«Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 23 тамыз, сейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Миссия оң бағасын берді» атты мақала жарияланды. Онда елімізде өткен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын бақылаған байқаушылардың осы сайлауға берген бағасына қатысты мәселелер көтерілген. Басылымның жазуынша, сайлау науқаны кезінде заң бұзушы­лықтарға жол берілмеген. Депутаттық орын­ға таласуға 96 адам ниет білдірсе, Ор­талық сайлау комиссиясы солардың тоғызын өз кандидатурасын алып тас­тауы­на байланысты тіркемепті. Заңда көр­се­тілген мерзімде тиісті құжаттарын тап­сыр­маған 27 үміткер де додадан шығып қалған. Ал тіркеуге ілінгендердің ішінен де жиыр­маға тартасы өз рай­ларынан қайтатын­дықтарын білдіріпті. Сенат депутаттары сайлауының қорытындысынан хабардар болып, сайлауға қатысты байқаушылардың пікірлерін білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санын оқыңыз.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, «Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды». Осындай тақырыппен жарияланған мақалаға, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, ағымдағы жылдың бірінші жар­тыжылдығында еліміздің қай­та өңдеу саласының негізгі капита­лы­на тартылған инвестиция кө­ле­мі 11,2 пайызға өсіп, 204 миллиард теңгені құраған. Индустрия және жаңа технологиялар министрінің мәлімдеуінше, елі­міз­дің инвестициялық тартымды­лы­ғын арттыру жөнінде тү­бегейлі институттық, заңдық және жүйе­лік шаралар бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілген. Мәселен, «Kaznexinvest» инвестиция және экспорт жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ атты ма­мандандырылған компания құры­лып, осы бағытта мақсатты жұмыстарды жүргізе бас­тады. Бұл компанияның жүйелі жұмысының нәтижесінде, әлем­нің барлық өңірлеріндегі инвесторлармен 200 инвестициялық бастама бойынша жұмыстар қол­ға алынды. Бүгінге дейін елімізге жалпы көлемі 7 миллиард АҚШ доллары шамасында инвестиция тарту жөнінде келісімдер жасалған. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан барысы» ұлттың рухын көтерді» атты мақала басылды. Аталмыш мақалада елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ұйымдастырылған жарыс жөнінде жазылған. Басылымның жазуынша, «Қазақстан барысы» додасының бас жүлдесіне 150 мың доллар тігілген екен. Бұл - 22 миллион теңге. Бас жүлде иесіне миллиондармен қоса, «Алтын белбеу» берілді, сол жеңімпазды тәрбиелеген бапкерге 50 мың доллар табыс етілді. Екінші тұғырға табан тіреген балуанға 30 мың АҚШ доллары көлемінде ақша ұсынылды және оның беліне «Күміс белбеу» тағылды. Оның бапкері болса, 10 мың доллар алады екен. Ал үшінші орынға іліккен спортшы 10 мың долларға және «Қола белбеуге» ие болды. Оның бапкері соның жартысындай, яғни 5 мың доллар қаржыны иеленбек. Осы жарыстың немен аяқталғанын және қалай өткенін «Айқын» басылымының бүгінгі санын білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, «Қырғыз көлігіне мінген қазақтар қуғындалады». Осындай тақырыппен жарияланған мақалада соңғы кездерде Алматы қаласында Қырғызстанның мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан көліктер көбейіп кеткендігі айтылады. Басылымның жазуынша, жол полициясының жол ережелерін бұзу бойынша жасаған сараптауына қарағанда, тек соңғы бір айдың ішінде ғана Қырғызстанда тіркелген 1500 автокөліктің иелеріне әкімшілік жаза қолданылған екен. Көрші мемлекеттің есебінде тұрған автокөлікті мініп, жол ережелерін бұзғандардың 85 пайызы Қазақстан азаматтары болып шықты. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санында жазылған.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Созақтықтар неге қартайып барады?» деген мақала жариялап, үлкен мәселе қозғайды. Басылымның жазуынша, оңтүстіктегі Созақ ауданы әу бастан-ақ экологиялық аймаққа жатады. Уран кеніші ашылмай тұрып-ақ мұнда халық денсаулығына кері әсер ететін жәйттар жетіп артылатын-ды. Таза ауызсу мәселесі де басты ауыртар басты мәселелердің бірі болатын. Облыс бойынша шаққанда да тұрғындарының денсаулығы төмендігі жөнінен алдыңғы орындардан көрініп жүр. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан кеңірек білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылым «Қайнар қасіреті» деген тақырыппен тағы да бір үлкен проблемалық мақала жариялаған. Басылымның хабарлауынша, 40 жыл қырғын әкелген Семей ядролық полигонының зардабы әлі күнге әсерін тигізіп отыр. Полигон аймағындағы елді мекендердегі өлім-жітімнің көрсеткіші орташа республикалық көрсеткішпен салыстырғанда екі еседен азаяр емес. Зардап шеккендердің денсаулығын қалпына келтіру мақсатында неше түрлі іс-шаралар жасалғанымен, уақытынан бұрын көз жұмып жатқандар әлі де жетерлік. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санын білуге болады.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Ядроға қарсы әлемнің көшбасшысы» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты биылғы жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өтетін ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған саммитке қатысып сөз сөйлеуге шақырды. Сарапшылардың пікірлерінше, мұндай жиындардың Қазақстан басшысынсыз өтуі мүмкін емес. Нақтырақ айтқанда БҰҰ Бас хатшысы өткен жылғы елімізге сапары барысында Н.Назарбаевты ядролық қарусыздану үдерісін басқара алатын бірден-бір көшбасшы екендігін айтты. Бұл мәселе жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесінің мүшесі В.Рогалевтің материалында таратылып жазылған.