Индустрияландыру картасы аясында 680 млрд. теңгенің өнімі шығарылды - Ә. Исекешев
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Индустрияландыру картасы аясында пайдалануға берілген жобалар арқылы 680 млрд. теңгенің өнімі шығарылды.
Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Индустрияландыру картасы бұл инновациялық белсенділік есебінің жүйесі болып табылады. Карта жобаларының тізбесіне үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасына сәйкес келетін Қазақстан экономикасы үшін маңызды барлық жобалар енгізілген»,-деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі күні индустрияландыру картасы 11 трлн. теңгені құрайтын 705 жобадан тұрады. Жобаны салу барысында 218 мың, пайдалануға берілген кезде 190 мың жұмыс орны құрылатыны болжанады.
Сонымен қатар министрліктің мәліметіне сәйкес индустриялдандыру картасы шеңберінде 2010-2011 жылдары жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгенің 389 жобасы пайдалануға берілген. Ал, 2011 жыл мен 2012 жылдың бірінші тоқсанында статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 680 млрд. теңгенің өнімі шығарылды.