Индустрияландыру картасы аясында 9,6 трлн. теңгенің 609 жобасы іске асырылуда - Ә. Исекешев
Бұл туралы бүгін биылғы 11 айдың қорытындысына негізделген Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Индустрияландыру картасы аясында 9,6 трлн. теңгенің 609 жобасы іске асырылуда. Осы арқылы 400 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Осының ішінде ауылдық жерлерде 274 жоба орналасқан», - деді ол.
Ә. Исекешевтің сөзіне қарағанда, Индустрияландыру картасының жалпы көлеміндегі 339 жоба ҚР Индустрияландыру және жаңа технологиялар министрлігінің қарауындағы салаларға қатысты.
Атап айтқанда, Индустрияландыру картасы аясында екі жылда 1,8 трлн. теңгенің 389 жобасы іске қосылды. Қуаттылығы 50-100 пайыз аралығындағы көрсеткішпен 70 кәсіпорын тұрақты жұмысқа кірісті. 390 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, 106 жаңа өнім игерілді. Олардың арасында композитті металпластикалық құбырлар, энергия үнемдегіш құралдар, дәрілік және басқа өнімдер бар.