Индустрияландыру картасы аясында бірінші жартыжылдықта 72 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылды- С. Ахметов

Бүгін Ақордада ҚР Президенті Н. Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан еліміздің өткен 9 айдағы әлеуметтік экономикалық дамуы және Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері туралы жиында ҚР Премьер- Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.
«Ағымдағы жылы өз жұмысында Үкімет Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси» бағыты атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыруға басымдық берді. Бірінші кезекте экономиканың тұрақты өсімін қамтамсыз ету мен жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша назар аударылды. Сіздің тапсырмаңыз бойынша дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуындағы оң үрдіс сақталуда», деді Серік Ахметов.
Үкімет басшысының айтуынша, ағымдағы жылы атқарушы билік Еуропалық одақтағы экономикалық рецессиямен байланысты, АҚШ-тағы фискалды құлдырау тәуекелдеріне, сонымен қатар Қытай мен Ресей экономикасының баяулауы аясындағы жалғасып келе жатқан әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында жұмыс істеді. Осының бәрі Қазақстан экономикасына әсерін тигізіп келеді. «Мұндай жағдайда Сіз жүктеген міндеттерді тиімді атқару үшін Үкімет негізгі бес бағытты қаперде ұстады. Олардың біріншісі - экономиканы әртараптандыру арқылы орнықты әрі ұзақмерзімді экономикалық өсімді сақтау. Ағымдағы жылы мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жалғасты. Индустрияландыру картасы аясында бірінші жартыжылдықта 34 жоба іске қосылды. Ондағы инвестиция 72 млрд. теңгені құрап, 2300 шамасында тұрақты жұмыс орындары құрылды», деді С. Ахметов.