Индустрияландыру картасы мемлекеттік және жеке ресурстарды одан әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге арналған

АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - Бүгін астаналық әкімдікте ҚР индустрияландыру картасына қосылу үшін инвестициялық жобалардың құжаттарын толтыру мәселесі бойынша кәсіпкерлердің конгресі болды,

Индустрияландыру картасы мемлекеттік және жеке ресурстарды одан әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге арналған
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Шараны «Атамекен Одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы Астана қаласының әкімдігімен бірігіп ұйымдастырды. Кездесуге елдің әр аймағынан 150-ден астам бизнес саласының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты ? инвестициялық төлқұжатты толтыру тәртібін түсіндіру болған. «Индустриялық-инновациялық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ел экономикасының 2020 жылға дейінгі индустрияландыру картасы жасалып жатыр. Аталған құжатта елде жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалар, олардың орындалу мерзімі мен салынатын аймақтары көрсетілген ақпараттар қамтылатын болады. Индустрияландыру картасын жасау ел экономикасының қалыпты дамуы үшін және мемлекеттік, сондай-ақ жеке ресурстардың тиімді пайдаланылуы үшін қажет», - деп атап өтті Астана қаласы әкімінің орынбасары Тимур Жақсылықов.Шара ауқымында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ мен Астанадағы бірқатар құрылыс индустриясы кәсіпорындары арасында қазақстандық тауар өсімін дамыту мәселесі жөнінде меморандумға қол қойылды.