Индустрияландыру картасының инвесторларын көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек - Үкімет басшысы

ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, ҮИИД МБ-ны жүзеге асырудың үш жылында 2 664 шақырым жол қайта салынып, 3 282 шақырым республикалық маңыздағы және 8 331 шақырым жергілікті маңыздағы жолдарға жөндеу жүргізілді. Бұған қоса Қызылорда, Көкшетау, сондай-ақ Ақтаудағы әуежайлардағы ұшу және қону жолақтары қайта жасалды.
«Жалпы инфрақұрылымды дамыту бойынша мәселелер бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Көліктік инфрақұрылым» бағдарламасы әзірленуде. Біз аталған бағдарламаның консультанттарымен тиісті ұсыныстар даярладық. Сонымен қатар барлық өңірлерде қоғамдық тыңдаулар өткізіп, жақында ұсыныстарды келісу үшін мемлекеттік органдарға жібердік. Осыдан кейін көліктік инфрақұрылымның барлық мәселелерін талқылау үшін оны Үкімет деңгейінде енгізуді жоспарлаудамыз»,-деді министр.
Өз кезегінде С. Ахметов инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы экономиканың озық өсімін қамтамасыз етуге бағдарлануы тиіс екенін, бұл тұрғыда Индустрияландыру картасын қамтамасыз етудің қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, тау-кен, базалық салалар және жалпы экономиканы дамыту перспективалары бар бағыттар тоғысуы керек.
«Атап айтқанда, инвесторлардың ешқайсысы да инфрақұрылымы жоқ жерге бармайды»,-деп түйді Үкімет басшысы.