Индустрияландыру шеңберінде 4,2 млрд теңгенің жобалары іске қосылды - Көкшетау әкімі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылған өндіріс орындары 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.

Индустрияландыру шеңберінде 4,2 млрд теңгенің жобалары іске қосылды - Көкшетау әкімі

Бұл туралы бүгін қала әкімі Ермек Маржықпаев халықпен есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылған алқалы жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов қатысты. Есеп беру кездесуінде облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйлеп, қала басшылығының алдына Елбасы Жолдауынан және облыс орталығын одан әрі дамыту қарекетінен туындайтын жаңа міндеттерді қойды. 
null 

Қала әкімінің айтуынша, облыс орталығында өнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы салада барлығы 89,8 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 миллиард теңгеге артқан. Сонымен қатар, қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылуда.
null 

«Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 4,2 миллиард теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылып, 300 тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде ауыл шарушылығы және коммуналдық техникаларды шығаратын «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС-нің индустриялық-технологиялық паркінде 232 жұмыс орны, үш қабатты полиэтилен пленкасын өндіретін  «АсылАрман» ЖШС-де  16 жұмыс орны, сүт және сүт өнімдерін шығаратын «Нәтиже сүт фабрикасы» ЖШС-де 50 жұмыс орны ашылды», - деді қала әкімі.
 
Сонымен қатар, шаһар басшысы атап өткендей, қазіргі кезде жалпы құны 3,6 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Олар - комбайндарды құрастырып, шығаратын «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС, жоғары қысымға төзімді қолғаптар зауыты «KAZHYDRO» ЖШС, металл өнімдерді шығаратын «KOKSHETAUOPTOELECTRONICS» ЖШС. Өндірістер 2018 жылы іске қосылған кезде жаңадан 196 жұмыс орны ашылатын болады.

Жалпы, Көкшетау қаласы бойынша индустрияландыру картасына құны 21,7 миллиард теңгенің 19 жобасы енгізілген. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңадан 1357 еңбек орнын ашу көзделген.

null