Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында макроэкономикалық міндеттер шешілген жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустриялық-нновациялық дамудың алғашқы бесжылдығы өнеркәсіп пен экспорт құрылымындағы негізгі макроэкономикалық міндеттерді шеше алмады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифингте Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова осылай мәлім етті.
«Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Министрлер Кабинеті жұмысының алдағы негізгі басымдығы ретінде экономиканы әртараптандыру мәселесін атап өтті. Бұл ретте индустриялық-инновациялық дамудың жаңа бесжылдыққа арналған бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Онда өнеркәсіптің басым салалары айқындалып отыр. Жалпы, экономиканы әртараптандыру аса өзекті мәселе, өйткені өкінішке қарай Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығы өнеркәсіп пен экспорт құрылымындағы негізгі макроэкономикалық міндеттерді шеше алмады. Бағдарламаның нысаналы индикаторларының басым бөлігіне қол жеткізілмейін деп отыр», - деді Л. Мұзапарова.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаның макроэкономикалық нысаналы индикаторларының орындалмауындағы басты себептің бірі - қазақстандық өнеркәсіптік өндірістің сыртқы экономикалық конъюнктураға барынша тәуелділігінде. Соның ішінде мұнай мен металл нарығындағы сыртқы бағаларға барынша тәуелділік байқалады.
Бұл ретте институт сарапшысы «нысаналы көрсеткіштердің өзгеруіне Үкіметтің күш-жігеріне қарағанда әлемдік конъюнктурадағы өзгерістер көбірек үлес қосып жатқанын» алға тартады.
«Осыған байланысты 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші бесжылдық бағдарламасында нысаналы индикаторлар құрамы, өнеркәсіпті дамытудың басымдықтары, оларға мемлекеттік қолдаулар бастан-аяқ қайта қаралды. Бағдарламаның адресаты да нақты Қазақстанның өнеркәсіптік секторын жақсартуға әсер ете алатын инновациялық салаларға, ірі ауқымды экспортқа бағытталған кәсіпорындарға негізделіп, барынша ықшамдалып жинақталды», - дейді Л. Мұзапарова.
Бұл ретте институт өкілі әңгіме мұнай мен газ, тау-кен өнеркәсібі саласы жөнінде болып отырғанын алға тартады. «Президент атап өткеніндей, дәл осы салаларда жаңа кен орындарын барлаудың ауқымды жұмыстарын жүргізудің, жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғыртудың маңызы зор», - деді институт директорының орынбасары.