Индустриялық аймақтардың жұмысына ревизия жүргізу ұсынылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда «Арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартады» деген теорияның растығына күмән келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды қайта форматтау мәселесін қарастырған жөн. Арнайы экономикалық аймақтар құрудағы мақсаттардың бірі инвестиция тарту болатын. Алайда, бүгінде арнайы экономикалық аймақтар негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінің 30%-дан астамын құрайтын елдің 9 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қызылорда, Абай және Ұлытау) жұмыс істеп тұрған жоқ.
Тіпті 2022 жылғы инвестициялар көлемі бойынша өңірлердің үздік бестігіне кіретін Ақтөбе облысында да арнайы экономикалық аймақ жоқ.
Ал инвестиция тарту көлемі Ақтөбе облысына қарағанда 3,5 есе төмен Жетісу облысында екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді», - деді Сенат депутаты.
Оның пайымынша, индустриялық аймақтардың жағдайы да осыған ұқсас.
«Бүгінде барлық индустриялық аймақтардың 80%-ы Қазақстанның оңтүстік бөлігінде шоғырланған (Алматы, Жамбыл, Жетісу - 1, Алматы - 3, Шымкент-4, Қызылорда-6, Түркістан-9). Тек Түркістан облысында осындай 9 аймақ жұмыс істейді.
Ал елдің солтүстік (Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы) және батыс бөліктерінде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау), яғни 8 облыстың екеуінде ғана (Қостанай және Ақтөбе) индустриялық аймақ бар.
Өңірлердің мамандануын ескере отырып, арнайы экономикалық аймақ жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Бұдан басқа, қолданыстағы индустриялық аймақтарға, оның ішінде олардың тиімділігі мен перспективалы жобалардың болуына ревизия жүргізуді ұсынамыз», - деді Серік Шайдаров.