Индустриялық бағдарлама аясында кадр жайы нөмірі бірінші мәселе болып отыр - Ә. Исекешов

амырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында кадр жайы нөмірі бірінші мәселе болып отыр.

Индустриялық бағдарлама аясында кадр жайы нөмірі бірінші мәселе болып отыр  - Ә. Исекешов

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» деген тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақсы, жоғары білікті кадрларсыз жаңа жобаларды игеру де мүмкін емес. Сондықтан да бұл мәселеге үлкен назар аударылып келеді, әрбір салалық бағдарлама бойынша біз кадрлармен қамтамасыз ету бөлімін ұйымдастыратын боламыз. Мәселен, қазірдің өзінде біз барлық облыстар бойынша құрылатын кәсіпорындарда кім, қалай жұмыс істейтінін, оларды қандай оқу орны әзірлеп жатқанын зерттеудеміз. Олардың сапалық деңгейіне де баса мән беретін боламыз. Өйткені, бізге кадр әзірлеуде жаңа стандарттар керек», деді Ә. Исекешов.

Оның айтуынша, индустриялық бағдарлама шеңберіндегі барлық жобаларға қатысты нақты жұмыстар атқарылуда, ал алдағы кезеңдегі жаңа жобалар үшін салалық қорытындылар шығарылуы тиіс. «Бұл қорытындыда - өткізу нарығы, қандай технология қолданылғаны, онда қандай мамандар жұмыс істейтіні, мемлекет тарапынан қандай көмек қажет екендігі, бәрі жазылып көрсетілуі шарт», деді Ә. Исекешов.