Индустриялық-инновациялық даму көшінен баспа ісі де шет қала алмайды - А.Құдабаева
АНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/- Индустриялық-инновациялық даму көшінен баспа саласы да шет қала алмайды. ҚазАқпарат «Астана полиграфия» АҚ-ның Басқарма бастығы Алтынай Құдабаевамен сұхбатты назарға тартады.
- Алтынай Оразқызы, «Астана полиграфия» таяу уақытта ерекше технологиялық құрылғыны орнатуды көздеп отырғанын естідік. Жоба жайында кеңінен тарқатып берсеңіз?
- Иә, жуық арада «Астана полиграфия» Швециядан әкелінген 8 секциялы «SOLNA D30» машинасын қолданысқа енгізбек. Жобаны қаржыландырушы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ. Бұл қондырғылар баспагерлер арасында аса танымалдылыққа ие десе де болады. Олар сапасы өте жоғары өнімдер мен түрлі-түсті газеттерді шығарып ғана қоймай, басып шығару қарқынын әлденеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, бір сағатта газет өнімдерінің 25-30 мың данасын, бір ауысымда кітап-журналдардың 6 мың данасын шығару қуаты бар. Сондықтан, жоба жүзеге асқан жағдайда отандық баспа өзін тағы бір жаңа қырынан көрсетіп, тұтынушылар сапалы өнімге қол жеткізетін болады деп сенемін.
Жалпы қандай салада болмасын өнімнің бәсекеге қабілеттігін сақтау үшін бүгінде қарқынды түрде ойлап табылып жатқан инновациялық тың идеялар мен заманауи технологиялардың көшінен қалмай, оған ілесіп отыру маңызды. Бұл полиграфия саласына да қатысты. Ал ол үшін Үкімет тарапынан отандық шағын және орта бизнеске барлық жағдайлар жасалған. Еліміз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен аталмыш секторды қолдауға және дамыту мақсатында соңғы уақытта бірқатар кешенді шаралардың жүзеге асырылғанын, олар бүгінгі күні де өзінің оң жалғасын тауып жатқанының куәсі болып отырмыз.
- 90 жылға жуық тарихы бар «Астана полиграфия» бүгінде полиграфиялық өнеркәсіптің Қазақстандағы ең ірі кәсіпорны болып табылады. Кәсіпорынның қазіргі жай-күйіне қысқаша шолу жасап өтсеңіз?
- Өздеріңізге мәлім, кәсіпорын бұрынғы Ақмола облыстық полиграфияның негізінде құрылған болатын. Мен аталмыш кәсіпорынның басшылығына 2005 жылы келдім. Осы уақытқа дейін тұтынушылардың талап-тұрғысына сай қызмет етіп, бәсекелестік дамыған ортада өзіндік атқа ие болдық. Біздің кәсіпорын дербес теміржол тұйығы мен қоймалар кешені бар Астана қаласындағы жалғыз баспа болса, еуропалық стандарттарға сай кәсіпорындық базамыз өз алдына бір әңгіме. Бүгінгі таңда кез-келген жарнамалық өнімді өндіріп, баспа өнімдерінің барлық түрін жүзеге асыра алатын қондырғыларымызда өз ісінің майталман шеберлері жұмыс істейді.
«Жақсыны үйренбек үшін» деп, қазақ атамыз айтпақшы, типографияға қандай да бір жаңа құрылғыларды алмас бұрын, мамандарымызды өндіруші елге жіберіп оқытып аламыз. Мекеме есебінен Мәскеудегі И.Фёдоров атындағы баспа-полиграфия колледжі мен Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде өзімізге қажетті мамандарды оқытамыз. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Біздің компанияның атқаратын қызмет түрлеріне қысқаша тоқталар болсам, бұл - түрлі-түсті мерзімді баспасөзді шығару, кітаптар мен журналдардың өнімі және полиграфиялық өнімнің сан алуан түрлері.
- «Астана полграфия» қазір қанша және қандай ірі газет-журналды басып шығаруда?
- Әрине, баспагер ретінде біз тұтынушыларымды шағындар мен ірілерге бөле алмаймыз. Біз үшін олардың барлығы да біздің қызметімізге сенім білдірушілер. Олардың арасында көптеген жылдар бойы полиграфиялық өнімдерін бізде шығарып, әріптестік қатынасты сенімді жолға шығарғандары баршылық. Мәселен, оқырмандар арасында кеңінен танымал «Алаш айнасы», «Фокус», «Комсомольская правда», «Неделя в Астане», «Человек и Закон», «Тұран-экспресс», «Республика», «Ел», «Маяк», «Целина» және тағы да басқа мерзімді баспасөздермен қатар, жарнамаларымен елордалықтардың көңілінен шығып отырған «Из рук в руки» және «Бизнес-Старт» сынды газеттер тағы бар. Біздің баспаханадан шығатын журналдардың да саны жыл санап артып келеді. Олардың қатарында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова басшылық ететін «Тұмар» республикалық жұрналы, отандық полиция қызметкерлерінің үні мен құлағы саналар кәсіби жұрнал - «Қазақстан полициясы» және басқалар. Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін жылтыр мұқабалы «қымбат» жұрналдар шет елдерде шығарылып келді. Ал қазір сырт елдерге тапсырыс берудің қажеттігі жоқ. Себебі, отандық өнімдеріміз ешқандай сынға ұшырамайтын жоғары талаптарға жауап береді.
- Кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланып жатқан байқаулардың да жиі жеңімпазы болады. Осы мемлекеттік тапсырыс бойынша атқарып жатқан жұмыстарыңыз жайында айтып берсеңіз?
- Мемлекеттік тапсырыс аясында жеңімпаз болып жүрген
саламыздың басым бөлігі - кітап шығару. Бұл мәселеде германиялық «Колбус» жүйесімен бірлескен жұмысымыз оң нәтижесін беріп отыр. Аталмыш құрылғы бір ауысымда кітаптың 10 000-нан 12 000-ға дейінгі данасын шығаруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мерзімді баспасөзді, оның ішінде оқырмандар аудиториясы көп республикалық газеттердің санын арттыруды көздеп отырмыз.
Жалпы біз үшін «полиграфия өніміндегі еуропалық сапа» деген ұғым үлкен мағынаға ие. Өйткені редакциядан баспаға дейінгі жұмыстар өнімнің табысқа жетуінің жартылай ғана көрсеткіші. Оның екінші бөлігін кәсіби баспадағы жоғары сапа қамтиды. Міне, осы жерде «Астана полиграфия» кәсіпорыны тұтынушы талғамынан қашанда шығуға әзір.
- Әңгімеңізге рахмет!