Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру үшін бірқатар заңдарға түзетулер енгізіледі
қыркүйек. ҚазАқпарат - Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске ұсынды. Палатаның қаулысына сәйкес Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - қолданыстағы заңнама нормаларын «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасының ережелерімен сәйкестендіру, сондай-ақ осы заң жобасын сапалы іске асыру.
Заң жобасы мемлекеттік органдар мен индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді.
Ағымдағы жағдайларды бағалау негізінде және елдің экономикалық дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына сүйене отырып, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік реттеу мәселелерімен тікелей немесе жанама қиылысатын Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Заң жобасына сәйкес индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды Қазақстан Республикасының салалық заңнама актілерінде белгіленген өз құзыреттері шеңберінде мемлекеттік органдар жүзеге асыратын болады, мемлекеттік органдарды үйлестіруші уәкілетті орган ретінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігін айқындауды болжап отыр.
Бұл норманы іске асыру мемлекеттік органдардың салалық заңнамалық актілерде индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік реттеуді жүргізу жөніндегі құзыреттілігін бекіту талап етіледі.
Осы заңнамалық акті арқылы Қазақстан Республикасының Жер және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Сауда қызметін реттеу туралы», «Концессиялар туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Білім туралы», «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдарына толықтырулар енгізіледі.