Инфляция деңгейі 2011 жылы 6-8 пайыз аралығында болжануда
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлттық банктің болжамы бойынша, Қазақстанда 2011 жылы инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде болады.
Оны Григорий Марченко бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"ҚР Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша 2010 жылы инфляция 7,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Былтыр ол 6,2 пайызды құраған болатын. Біз 2010 жылы инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады деп болжам жасаған едік", - дейді Г. Марченко.
Оның айтуынша, 2010 жылы инфляция қарқынының жедел болуы азық-түлік тауарларының едәуір қымбаттауына себепші болды. Былтыр азық-түлік - 10,1 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 5,5 пайыз, ақылы қызметтер - 6,8 пайыз қымбаттады. Алдыңғы жылы олар тиісінше 3 пайызды, 8,6 пайызды және 8,4 пайызды құраған болатын.