Инфляциялық процестер болжамдарымызға сәйкес қалыптасуда - Ақышев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда инфляциялық процестер еліміздің Ұлттық банкі болжамдарына сәйкес қалыптасуда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Инфляциялық процестер болжамдарымызға сәйкес қалыптасуда - Ақышев

«Инфляциялық процестер Қазақстанда болжамдарымызға сәйкес қалыптасуда. 9 айда жинақталған инфляция 4,2 пайыз болды. Бұл өткен жылғы деңгейден төмен. Қыркүйекте жылдық инфляция 7,1 пайыз деңгейінде қалыптасты. Өткен  жылы осы уақыттағы жылдық инфляция 16,6 пайызды құрады. Жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияны ағымдағы жылға арналған 6-8 пайыздық нысаналы дәліз шегінде сақталады деп күтеміз», - деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, халық арасында жүргізілген сауалнама барысында респонденттер инфляция деңгейі тұрақты деңгейде деген пікірлерін білдірген.

«Инфляциялық күтулердің бір жыл бұрынғы сандық бағасы  6,5 пайыз деңгейінде. Ол нақты инфляциядан төмен қалыптасуда және алдағы жылдың 5-7 пайыздық нысаналы дәлізінде орналасуда», - деді Данияр Ақышев.