Инфляциялық таргеттеу Қазақстан экспортына төте жол ашып отыр - депутат А. Бекенов

«Өткен аптада Қазақстан теңгенің еркін бағамына көшті. Бұл тұрғыда алысты барлайтын болсақ, бұл шара еліміздің саудасын нығайтуға септігін тигізеді. Осы орайда отандық және шет елдердің сарапшылары инфляциялық таргеттеудің оң ықпалы тиетіндігін алға тартуда. Сонымен қатар теңгенің еркін бағамына көшуді қазіргі уақытта кәсіпкерлер де қолдап отыр, әсіресе шет мемлекеттерге тауарларын экспорттайтын үлкен кәсіпорындар өнімдерін тиісті бағамен шығаруға мүмкіндік алды», - деді депутат.
Бұл тұрғыда А. Бекенов отандық кәсіпкерлер өнім сапасына назар аударып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тырысатындығын атап өтті.
«Инфляциялық таргеттеу Қазақстан экспортына төте жол ашып отыр. Себебі, қазіргі уақытта теңгенің еркін бағамына көшу нарықтағы жағдайға байланысты екені мәлім. Тауар өндірушілер мен экспортшыларға мүмкіндік берілді, енді бәсекелестікте тауардың сапасымен өнімділік арта түсетіні анық», - деді депутат.
Бұдан бөлек ол «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында Үкімет тарапы Парламент депутаттарының қарауына заң жобаларын енгізгенін атап өтті.
«Бұл заң жобалары біз үшін аса маңызды әрі жауапкершілікті қадам болып табылады. Қарастыратын заң жобаларында еліміздің әлеуметтік және экономикалық саясатын айрықша жағдайларда жүзеге асырудың негізгі бағыттары көрініс тапқан», - деді депутат.