«Инфляцияны 3-4 пайызға төмендетуге негіз бар» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 тамыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Инфляцияны 3-4 пайызға төмендетуге негіз бар»  - баспасөзге шолу

***

Теңгенің еркін айырбас алаңына жіберілуі қоғамды алаңдатып қойғаны анық. Бұған дейінгі экономикалық саясат, шындығында, көпшіліктің көңілінен шығатын. Дегенмен, әлемдік аренадағы түрлі өзгерістер мен түзілістер бізге де өз экономикамызды қайта бір қарауға, даму бағытын жаңаша айқындауға мәжбүрлеп отыр. Ондай болмаған жағдайда, дағдарыстан аман шығу-шықпауымыз екіталай. Елбасының өзі бұл мәселе жөнінде кешегі кәсіпкерлермен кездесуінде егжей-тегжейлі баяндады. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қызылорда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетоваға жолығып, өзекті сауалдарға егжей-тегжейлі жауап алған. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Үкімет пен Ұлттық банк тең­генің бағамын ұзақ уақыт бойы қолдан ұстап тұрды. Әри­не, оның белгілі бір уақытқа дейін нарықтағы жағдайды тұрақ­­танды­руға оңды ықпал жаса­ға­нын атап өтуіміз керек. Бірақ тең­генің нарықтық баға­мын қалып­тастырмайынша еліміз­дің ішкі жалпы өнім көлемі­нің төмендейтіні, отандық кәсіп­орындардың экспорттық мүмкін­діктері шектелетіні анық еді. Ендігі жерде теңгенің айырбас бағамы нарық сұранысы негізінде және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптасатын болады», - дейді. Сұхбат «Инфляцияны 3-4 пайызға төмендетуге негіз бар» деген тақырыппен берілген.

Алматыдағы Республика сарайында қала ұстаздарының жыл сайынғы тамыз кеңесі «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» деген атпен болып өтті. Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Мектеп - кеме, білім - теңіз» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Алматы қаласының ұстаздарына басталғалы тұрған оқу жылының табысты да жемісті болуын тілей келе, елімізде білім-ғылым саласына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, толайым қолдау көрсетіліп отырғандығын баса айтты. «Әрбір мемлекеттің дамуы - оның білімді азаматтарына тікелей байланысты. Егемендік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің білім саласы жақсы дамуы үшін ерекше көңіл бөліп келеді. Қандайда бір дағдарыстар мен қиыншылықтар болмасын, мемлекетімізде білім саласын қаржыландыру еш төмендеген емес», - дей келе Үкімет бас­шысының орынбасары Қазақ елінің әлемде алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына ену жолында Елбасы біздегі білімді жастар мен тәжірибелі ғалымдарға үлкен үміт артып отырғандығын жеткізді.

***

«Қалай болғанда, жаңа экономикалық, қаржылық саясат - бүгінгі өмір шындығы. Қазақстан халқы, ел Үкіметі жариялағандай, жаңа жағдайда өмір сүруді бастады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Жаңа экономикалық, қаржылық саясат - өмір шындығы» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, экономикалық саясаттың жаңа режимі аясында Қазақстан инфляциялық тар­геттеуге көшті. Бұл - инфляцияны құ­рықтап ұстауға баса көңіл бөлінеді деген сөз. Себебі, бағаның құнсыздануы тізгін­делсе, мемлекет орнықты әрі жақсы да­миды, банктердің беретін кредиттері қазіргідей 14-33 пайыз емес, әлденеше есе арзан болады. Сондай-ақ, мақала авторы Қазақстанның экономикалық саясатты Канада мен Австралия үлгісінде түзе бастайтындығын атап өткен. «Елбасы осы елдердің 30 жылдық тәжірибесін талдауды ұсынды. Өткен ХХ ғасырдағы мәліметтерді алсақ, Австралияның ЖІӨ-сі жыл сайын 3,4% қосып отырған. Әлемдік экономикалық жүйенің тораптары­нан алыс жатқанына қарамастан, бұл елдің жиынтықты байлығы 6,4 триллион долларды құрайды. Бү­гінде оның экономикасы - әлемдегі ең ірілердің қатарында және жа­һандық рейтингте 12-ші орында орналасқан! Ал оның әлемдік экономикадағы үлесі 2%-ға жуық», - делінген мақалада.

Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шешімі бойынша теңге еркін айналымға босатылды. Осыны естіген қалың бұқара жеңіл ұпай жинағысы келгендердің өсек-аяңына ермесін дегендіктен «Айқын» газеті ақиқатты анығырақ білу үшін еліміздегі нарықтық экономика ғылымының білгірі, экономика ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, академик Сағындық Сатыбалдинге жолығып, әңгімелескен. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген академик: «Сондай-ақ, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы импорт бағасын арзан­дататыны да ақиқат. Осының алдында ғана болған жиында Елбасымыз атқарушы билікке халықтың әлеуметтік жағдайына нұқсан келмеуін қатаң ескертті. Демек, доллар қымбаттауы есебінен халыққа ауырлық түседі деп ойлау бекершілік. Қазақстандықтардың бәрі жақсы білетін бір ақиқатты еске сала кеткім келеді. 2009 жылы теңге қолдан құнсыздандырылды. Әрине, онда да бұл іс Президент рұқсатын­сыз өндіріске енгізілді деуге болмас. Кө­ңіл аударарлық тұс сол Н.Ә.Назарбаев­тың тікелей нұсқауымен Үкімет бұл уақытта халықтың бюджеттік кірістерін екі есе өсіру ісін жүзеге асырып жатқан болатын. Кірістері екі есе өскен қазақстандықтар доллардың сол қымбаттауын сезінген де жоқ. Халықшыл Көшбасшымыз бұл жолы да қалың бұқараны қыспақта қал­дырмайтынына сене беруге болады. Биылша бағалар мен тарифтер бұғалықта тұрса, келер жылы халықтың кірісін өсіру шаралары өн­діріске енгізілуі мүмкін. Сондықтан абыржудың қажеті жоқ. Бәрін түсіністік­пен қабылдау керек », - дейді. Сұхбат «Халықшыл Көшбасшысы бар Қазақстан ұтылмайды » деген тақырыппен берілген.

***

Қазақстанның Анимациялық кино қауымдастығының басшысы Ғали Мырзашев «Жібек жолы» толықметражды фильмін түсірумен айналысуда», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Караван идет - мультфильм стоит» деген тақырыптағы мақаласында. Ежелгі уақытта ұлы керуен жолы болған алыс-беріс бағдарын балаларға түсінікті тілде сөйлету идеясы ресейліктер мен қытайлықтардың да көңілінен шығып отырған көрінеді. Тіпті, олар бұл жобаға қаржылай қолдау көрсетіп, өз елдері аумағында таратуға да ниетті.