Инфляцияны ауыздықтауға тиісті шаралар қабылданбаса, оның деңгейі жыл соңында белгіленген дәлізден асып түсуі ықтимал - Ө. Шөкеев

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Еліміздің азық-түлік нарығындағы бағалардың өсімін тоқтатуға шаралар қабылданбайтын болса, 2010 жылдың соңында Қазақстандағы инфляция деңгейі белгіленген дәлізден шығып кетіп, 9-10 пайызды құрауы ықтимал. Бұл туралы бүгін селектор форматындағы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылдың бірінші тоқсанында инфляция деңгейі 2,8 пайыз болса, биыл бірінші тоқсанда 2,6 пайызды құрап отыр. 2010 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция деңгейін 6-8 пайыздық дәлізде ұстау болжанып отыр. Алайда, жағдай қазіргідей жалғаса беретін болса, біз бұл дәлізден асып түсіп, 9-10 пайызға өтіп кетуіміз ықтимал», деді Ө. Шөкеев.

Дей тұрғанмен Ө. Шөкеев бұған жол беруге болмайтынын атап көрсетті. «Бізде әлі уақыт бар. Сондықтан біз инфляция деңгейін белгіленген дәлізде ұстап тұру үшін қандай шараларды қабылдау қажеттігін білеміз. Бұл ретте әкімдер былтыр дағдарыс уақытында іске қосқан штабтардың жұмысы қайта жанданатынына үміт артамыз», деді бірінші вице-премьер.

Оның айтуынша, инфляцияның деңгейіне байланысты өңірдегі жағдайлар әртүрлі. «Инфляция деңгейі республикалық орташа деңгейден жоғары өңірлер оны ауыздықтау үшін шұғыл шараларды қабылдауы тиіс. Инфляция деңгейінің өсуіне жыл басынан бері бірқатар коммуналдық қызметтердің бағасының қымбаттағаны ықпал етті. Біз азық-түлік нарығындағы жағдайды реттемейінше, ешқандай артық іс-қимыл жасамауымыз керек. Сондықтан біз екінші тоқсанда азық-түлік нарығындағы жағдайдың байыбына баруға назар аударуға тиіспіз», деді ол.

Соңғы жаңалықтар