Инфляцияны төмендету жоспары қандай - министр түсіндірмесі
«2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны бақылау бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет келесі іс-шараларды қабылдады: коммуналдық қызметтер тарифтерінің артуы тоқтатылды; Қазақстан аумағынан кейбір тауарларды әкетуге тыйым салынды; жанар-жағармай материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін 6 ай мерзімге әкетуге тыйым салынды»,- деді министр.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау аясында тауарлардың физикалық қолжетімділігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау енгізу бойынша бірқатар шараны, сондай-ақ де инфляцияны төмендету бойынша жүйелі іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылады.
«Бірінші бағыт аясындағы іс-шаралар көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуды, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіруді, бірқатар салаларда импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды. Екінші бағыт аясындағы іс-шаралар энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмірге бағалық реттеуді енгізуді, коммуналдық қызметтерге бағаларды арттыруға мораторий енгізуді, шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындауды көздейді», - деді ол.
Министр үшінші бағыт аясындағы іс-шаралар белгілі бір нарықтардағы бағалар мониторингінің нәтижелері бойынша монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдауды, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқартуды және биржалық сауданы дамытуды қамтитынын айтты.
«Жүйелі іс-шаралар аясында тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлік тауарларын тұтынудың/өндірудің болжамды теңгерімін құру, мониторинг нәтижелері бойынша жедел ден қою іс-шараларын қабылдау жоспарлануда. Қабылданған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде тауарлар дефицитін болдырмай отырып, инфляцияны және оның компоненттерін мақсатты дәрежеде ұстап қалу күтілуде. Мемлекеттік қолдау іс-шараларына қол жеткізудің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында оларды алушылардың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесі қайта қаралады. Қабылданып жатқан іс-шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға және бизнес ахуалды, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады», - деді Әлібек Қуантыров.