Инфляцияны жоспарланған 6-8 пайыз деңгейінде ұстау көзделіп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфляцияны жоспарланған 6-8 пайыз дәлізінде ұстау көзделіп отыр. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде Үкiмет отырысының қорытындысына арналған брифингте ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Ерболат Досаев мәлiм еттi.

Инфляцияны жоспарланған 6-8 пайыз деңгейінде ұстау көзделіп отыр

"Монетарлық және монетарлық емес құралдар арқылы инфляцияны жоспарланған 6-8 пайыз дәлізінде қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл ретте инфляциялық үдерістерді монетарлық құралдар арқылы төмендету экономиканың өтімділігін жеткілікті қамтамасыз етілуін ескере отырып жүргізілуі тиіс", - дейдi ол.

Оның айтуынша, жыл басынан инфляция 4,5 пайызды құрады, бұл 2013 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 2,1 пайыздық тармаққа жоғары.

"Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында негізгі азық-түлік тауарлары тапшылығын болдырмау үшін тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет.

Осы шаралармен қатар базарларда бағалық келісімнің жолын кесу, жанар-жағар май материалдары тапшылығына жол бермеу, сауда инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыс жалғасатын болады", - деп атап өттi министр.

Бұдан басқа, Е. Досаевтың айтуынша, жүйелі негізде экономикадағы монополизммен күрес жүргізу және нарықтық институттарды дамыту қажет.