Инфляцияның болжамдық дәлізін қамтамасыз етуде соңғы айларда бағаның күрт өсіміне жол бермеу маңызды - Үкімет отырысы
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында биылғы он айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Инфляцияның болжамдық дәлізін қамтамасыз ету үшін биылғы жылдың соңғы айларында бағаның күрт өсіміне жол бермеу маңызды.
Біздің есептеулер бойынша қараша-желтоқсан айларында инфляция қарқыны 0,7 пайыздан көтерілмесе, онда инфляцияның жылдық деңгейі 8 пайыздан аспауы тиіс»,-деді министр.
Осы орайда Қ. Келімбетов азық-түлік тауарлары тұрғысында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқару органдары ішкі нарықтағы бағаның, оның ішінде бірінші кезекте әлеуметтік маңызды тауарлардың құнының тұрақтылығын қамтамасыз етуде тиісті шаралар қабылдауы керектігін айтып өтті.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында жыл басынан бері Қазақстандағы инфляция 6,5 пайызды құрағаны мәлім болды.
«Жыл басынан бергі кезеңде тұтынушы тауарлары мен қызмет көрсетуге баға көрсеткіштері 6,5 пайызға артты. Бұл өз кезегінде өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 0,3 пайыздық пунктке жоғары», - деп атап өтті министр.
Инфляцияны құраушылардың ішінде көбінесе бағаның өсімі азық-түлік тауарларының үлесінде (8 пайыз). Ақылы қызметтердің құнының өсімі 6,7 пайызды, ал азық-түлік емес тауарларының өсімі 4,4 пайызды құрады.
Ведомство басшысының айтуынша, ішкі нарықтағы бағаның өсімі негізінен әлемде азық-түлік және энергия ресурстарының қымбаттауы үрдісімен түсіндіріліп отыр.