Инфляция баяулағанымен көп тауардың бағасы өсіп кеткен – Премьер-министр

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер мен әкімдердің тауар бағасын тұрақты ұстай алмай отырғанын айтты.

«Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық салаларын тиімді үйлестіруі керек. Әріптестер, біз мынадай шараларды қабылдауымыз қажет. Бірінші. Сіздердің назарларыңызды Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында тұрған өте маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету мәселесіне аударғым келеді. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3% болды. Биыл Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп», - деді ол Үкімет отырсындаы.

Үкімет басшысының пайымдауынша, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екендігін көрсетеді.

«Өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр. Серік Мақашұлы, (Премьер-министрдің орынбасары – ред) аталған мәселенің әлеуметтік маңызы зор, сондықтан оны қатаң бақылауда ұстаңыз», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар