Инфляцияға қысым жасайтын жекелеген факторлар сақталып отыр – Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Инфляцияға қысым жасайтын жекелеген факторлар сақталып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. 

Тимур Сулейменов
Фото: ҚР Ұлттық банкі

«Сыртқы секторда жаһандық инфляцияның баяулау үрдісі байқалуда. Бұл азық-түлік бағасының оң динамикасына, орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясатына және энергия бағасының төмендеуіне байланысты. Дегенмен, инфляцияға қысым жасайтын жекелеген факторлар да сақталуда. Қант бағасының қалыпты өсуімен қатар дәнді дақылдар мен ет құнының арзандауына байланысты әлемдегі азық-түлік бағасы төмендеп келеді. Астық бағасының төмендеуі мол өнім алу нәтижесінде ұсыныстың артуына байланысты болды. Сонымен қатар, дамыған елдерде орталық банктер мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды. Бұл инфляцияның орнықты баяулауына қарай қауіптің болуына байланысты», - деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингіде. 

Оның атап өтуінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақтағы бағаның жылдық өсуі қараша айындағы ең төменгі деңгейге жеткен соң 3,4 пайызға дейін біршама жеделдеді. Таргетті 2 пайызға жеткізу үшін Еуропа Орталық банкінен ұзақ уақыт бойы жоғары пайыздық мөлшерлемелерді сақтауды қажет етеді. Осыған ұқсас жағдай АҚШ-та да байқалды. Онда инфляция әлі де орнықты.

Федералды Резервтік жүйе риторикасына сәйкес, саясатты жұмсарту шарасы биыл басталуы мүмкін. Қытайда жылдық мәнде дефляция жалғасуда. Алайда, қаңтарда айлық инфляция көрсеткішінде өсім тіркелді. Ресейде жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтар айында 7,4 пайызды құрады. Негізгі фактор бұрынғысынша жоғары инфляциялық күтулер мен ішкі сұраныстың өсуі болып отыр. 2024 жылы инфляцияны орнына қайтару және оны Ресей Орталық банкі таргетінің маңайында одан әрі тұрақтандыру – қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ кезең бойы ұстауды талап етеді.

«Біздің болжамымыз бойынша әлемдік азық-түлік нарығында бағалар 2024 жылдың ортасына дейін біршама көтеріліп, кейін тұрақтанады және біртіндеп төмендейді. Алғышарттар, бір жағынан, тасымалданатын тауарлардың құнына әсер ететін Қызыл және Қара теңіздегі ықтимал логистикалық мәселелердің тәуекелдерін білдіреді. Ал, басқа жағынан, 2024 жылғы маусымның соңында халықаралық ұйымдардың егін жинау болжамдары мен әлемдегі астық қорларының өсуі бойынша күтулерін көрсетеді. Биыл халықаралық ұйымдар мұнай бағасы 80 долларға жақын деңгейде тұрақтайды деп күтеді. Бағаның өсуіне ықпал ететін негізгі факторлар: ОПЕК+тің мұнай өндірісін қысқарту мерзімін ұзартуы, АҚШ-та мұнай өндіру ісінің тұрақты өсімі және Таяу Шығыстағы соғыс бойынша белгісіздік. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде Brent мұнайының бағасы 2024-2025 жылы 80 доллар, 2026 жылы 77 доллар деңгейінде белгіленді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар