Инфляцияны ушықтыратын «Бәйтеректің» несиелері емес, банктердің халыққа берген тұрмыстық кредиттері — ҰЭМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов Сенаттағы Үкімет сағатында «Бәйтерек» холдингінің бизнеске беретін несиесі инфляцияны ушықтырып жатқаны туралы сынға жауап берді.

Банки, инфляция
Коллаж: Kazinform/ Canva

— Былтыр 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция деңгейі 12,9% болып, шарықтау шегіне жеткен болатын. Содан бері беті қайтып келеді. Биылғы сәуірдің қорытындысы бойынша инфляция 10,6%-ға дейін түсті. Жыл аяғына дейін 10%-дан төмен болады деп күтіп отырмыз. Инфляция әсер ететін фактордың бірі — несиелендіру. Қазақстандағы инфляцияның негізгі көзі кредиттеудің өсуі, ұлттық валюта бағамы, әлем бойынша азық-түлік бағасының өсуі, тарифтер мен Салық кодексі болды. Иә, кредиттеу инфляцияның негізгі көзінің бірі. Бірақ дәл «Бәйтеректің» ықпалы өте асыра бағаланған, — деді ол.

Вице-министр бұл сөзінің қисынын банктердің тұрмыстық несиелерін мысалға ала отырып түсіндірді.

— Қазір «Бәйтеректің» 8 трлн теңге игергені айтылып жүр. Бұл шын. Бірақ осы қаражаттың көп бөлігі жаңартылатын негізге игерілді. Яғни бұл қаражат несие ретінде берілген бойда өтеліп отырды. Осының арқасында «Бәйтеректің» кредит портфелі артқан жоқ. Холдингтің кредит портфелінің өсімі 4 трлн теңгеден асқан жоқ. Оның өзінде «Отбасы банк» арқылы берілетін ипотеканың есептемесек, тікелей бизнеске берілген кредит көлемі 2,2 трлн теңгеге ғана өскен. Бұл банк секторының 4,1 трлн теңге өскен тұрмыстық несиесінен әлдеқайда төмен, — деді ол.

Арман Қасеновтің айтуынша, «Бәйтерек» көбінесе шетелдік технологиялар мен қондырғыларды сатып алу жобаларын несиелендіреді.

— Сонда 2,1 трлн теңге өсімнің жартысына жуығы осы мақсатқа кетті. Бұл ел ішіндегі сұранысты арттырған жоқ. Сәйкесінше инфляция қысымын арттырған жоқ. Сонда «Бәйтеректің» бизнесті несиелендіру арқылы инфляцияға тигізетін әсері 1 трлн теңге ғана. Бұл сонша бір инфляциялық фактор болып есептелмейді. Жалпы кредиттеу инфляцияның негізгі факторларының бірі, бірақ, нақты «Бәйтерек» себепкер деуге келмейді, — деді вице-министр.

Бұған дейін «Бәйтерек» экономика салаларын қолдауға 8 трлн теңге қаржы бөлетіні айтылған болатын.