INFOSTRADA: Қазақстан Риода алты алтын алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік Infostrada зерттеу орталығы 2016 жылы Риода өтетін Олимпиада ойындарында қай ел қанша медаль алатынына болжам жасады.
Бұл туралы alaman.kz хабарлайды.
Агенттіктің болжауынша, Қазақстан Рио Олимпиадасында 6 алтын, 4 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте 14-орын алуы мүмкін.
Ұйым Риода Біржан Жақып, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов және Мерей Ақшалов сынды боксшылар чемпион атанады деген. Алайда тізімдегі боксшылардың ішінде Мерей Ақшалов спорттан кеткені белгілі. Сондай-ақ олар ауыр атлеттер - Зүлфия Чиншанло мен Владимир Седов алтын алады деп болжайды.
«Бейжің мен Лондонда чемпион атанған ауыр атлет Илья Ильин мен ауыр атлетикадан алғаш әлем чемпионы атанған қазақ Жасұлан Қыдырбаев, боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко күміс алады», - дейді зерттеу орталығы.
Үш қоланы Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Берік Әбдірахманов ( бокс) және Қайрат Ералиевке (бокс) «беріпті».
2012 жылы Лондон Олимпиадасы алдында USA Today басылымы «Қазақстан 2012 жылы 5 алтын алады» деп болжаған. Нәтижесінде Қазақстан жеті алтынмен жалпы есепте 12-орынды иеленген еді.
Infostrada агенттігінің болжамында мына елдер Риода үздік ондыққа енеді:
1. АҚШ- 97 (47 алтын, 21 күміс, 29 қола)
2. Қытай - 76 (28, 28, 20)
3. Ресей - 74 (25, 25, 24)
4. Франция - 47 (18, 12, 17)
5. Германия - 55 (16, 16, 23)
6. Австралия - 42 (14, 16, 12)
7. Ұлыбритания - 45 (10, 16, 19)
8. Бразилия - 27 (10, 14, 3)
9. Жаңа Зеландия - 18 (10, 6, 2)
10. Венгрия - 17 (10, 2, 5)