Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен қандай жобалар қаржыландырылатыны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Инфрақұрылымдық даму қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттары бекітілді.

аудит
Фото: freepik

Құжатқа сәйкес, орталық мемлекеттік органдар немесе жергілікті атқарушы органдар жобаларды белгіленген өлшемшарттарға сай болған жағдайда әзірлейді.

Жобалар төмендегі критерийлердің кемінде біріне сәйкес келуі тиіс:

• мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру қағидаларында айқындалған аса маңызды объектілер мен жалпыұлттық маңызы бар жобалар;

• елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келетін жобалар;

• Президенттің немесе Премьер-министрдің тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылатын объектілер;

• республикалық мемлекеттік инвестициялық жобалар;

• денсаулық сақтау объектілері (фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттерді қоспағанда);

• халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған әлеуметтік нысандар (арнайы мектептер, инклюзивті спорт орталықтары, мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталықтары);

• ірі агломерациялардың жобалары;

• облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада объектілерді салу және реконструкциялау;

• теміржол өткелдері мен көпір құрылыстары, оның ішінде көшелер құрамындағы нысандар;

• су бұру жүйелерінің объектілері және ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін арттыруға бағытталған тұщыту зауыттарын жаңғырту жобалары;

• мәдениет және спорт объектілері.

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жобаларды бекітілген құны шегінде іске асырады. Сонымен бірге, қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалардың құнын қымбаттатуға жол берілмейді.

Бұйрық 29 тамызда күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуды жеделдетуді тапсырғанын жазғанбыз.