Инфрақұрылымдық деректердің геопорталын жасауға дрондар пайдаланылады – ҚР ИИДМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Бас жоспардың және егжей-тегжейлі жоспардың құрылыс салушылар үшін ғана емес, халық үшін де қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа қала құрылысы жүйесін әзірлеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің Telegram каналына сілтеме жасап.

Инфрақұрылымдық деректердің геопорталын жасауға дрондар пайдаланылады – ҚР ИИДМ

Тікұшақ және ұшақ түріндегі дрондарды елдімекендердің электрондық цифрлық карталарын жасау және инфрақұрылымдық деректердің бірыңғай геопорталын өзектендіру үшін Мемқалакадастр мамандары пайдаланады.

Бірыңғай геопортал кіретін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (МҚК ААЖ) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сумен, кәріз, су бұру, электрмен жабдықтау, байланыс, газбен, жылумен жабдықтау, көшені жарықтандыру, жол қозғалысын ұйымдастыру және басқа да объектілер желілері бойынша цифрлық деректермен қамтамасыз етеді.

«Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары ұшқышсыз ұшу аппараттарымен аэрофототүсірілім кезінде алынған жерді қашықтан зондтау материалдарын пайдаланып жүргізілуде», - деді «Мемқалакадастр» РМК бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев.

Дрондардың көмегімен жүргізілген аэротүсірілім ғимараттар мен құрылыстардың, инженерлік инфрақұрылымның, абаттандыру объектілерінің кеңістік жағдайын барынша дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Тікұшақ түріндегі ұшқышсыз аппараттар (квадрокоптерлер) тығыз кеңістіктерде, ал ұшақ түрінде - қысқа уақыт аралығында үлкен аумақтарды фототүсірумен қамту қажет кезде пайдаланылады.

Алынған фотоматериалдардың негізінде нақты кеңістіктік географиялық байланысымен электрондық цифрлық карталарға арналған ортофотожоспарлар қалыптастырылады.

Қолданыстағы, салынып жатқан (реконструкцияланып жатқан), жобаланып жатқан жерасты және жерүсті объектілері туралы өзектендірілген деректер инженерлік коммуникацияларды қосымша түгендеуден өткеннен кейін Қала кадастры жүйесінің бірыңғай геопорталы - ашық контурына түсіріледі. Бірыңғай геопортал тек мамандарға ғана емес, кез келген азаматқа қолжетімді.