Инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қатысуға ниетті жастардан 3,6 мың өтініш келіп түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қатысуға ниетті жастардан 3,6 мың өтініш келіп түсті.

Инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қатысуға ниетті жастардан 3,6 мың өтініш келіп түсті

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин мәлім етті.

«Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын белсенді жүзеге асыру басталғанын білесіздер. Оның аясында көптеген нысандардың құрылысы жүргізіледі. Осы орайда биылдың басында «Қазпоштамен» берлесе бағдарлама аясында тұрғызылатын нысандарға ауылдық жастарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін жалпыреспубликалық жобаны қолға алдық. «Қазпоштаның» ауылдық бөлімшелерінде осы бағдарлама бойынша жұмысқа тұрғысы келетін жастардан өтініштер қабылдау ұйымдастырылды»,-деді Жұмин.

Оның сөзіне қарағанда, жобаны іске асыру кезеңінде 3,6 мың өтініш келіп түскен. Қазіргі кезде бұл жастармен телефон арқылы байланыс орнатылып, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе оларды жұмыспен қамтудың нақты шаралары қарастырылуда. Нақты нысандар айқындалғаннан кейін, жастарды жұмысқа орналастыру шарасы басталады.

«Өтінімдердің басым бөлігі Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келіп түсті. Жоба аясында ең аз өтінім Қызылорда, Қостанай, Ақмола облыстарынан болды»,-Д. Жұмин.