Ыңғайлы, тиімді: петропавлдық өрт сөндірушілер құтқару құралдарын өздері жасайды

Петропавлдағы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өртенген үйде қалған адамдарды жылдам шығаруға мүмкіндік беретін құралды пайдаланып жүр. Шетелдік сайманның көшірмесін темір ұстасына жасатқан олар бүгінде есік-терезелерді жылдам, зақым келтірмей ашатын болған, деп хабарлайды Kazinform.

өрт сөндіруші
Фото: ашық дереккөзден

Идея – Петропавлдағы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Самат Жапаровтыкі. 15 жыл еңбек өтілі бар маман жұмысын қатардағы өрт сөндірушіден бастаған.

өрт сөндіруші
Фото: СҚО ТЖД

«Түрлі шақыртуларға барамыз. Кейде өрт кезінде есікті бұзып ашуға тура келеді. Бұрын қиын болатын, соңғы жылдары жаңа есіктер, мықты құлыптар пайда болып жатыр. Өртенген пәтердің ішінде адам қалса әр секунд санаулы. Сондықтан біз де бір орында тұрмауымыз керек.

Жұмыстан бос уақытта өз қызметіме байланысты түрлі фильмдер көремін, басқа шет елдерде өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың қалай жұмыс істейтіні қызық қой. Бірде америкалықтардың қолында ерекше бір құралды көріп қалдым. Halligan tool деп аталады екен. Есіктерді оңай ашады, айтарлықтай зақым келмейді. Неге бізге осындай құрал жасап алмасқа деген ой келді», – дейді Самат Жапаров.

хулиган
Фото: СҚО ТЖД

Өрт сөндіруші ұқсас сайманды жасату үшін бір жылға жуық темір ұстасын іздейді. Ақырында тауып, тапсырыс беріп, «хулиган» (Halligan Tool) деп аталатын құралды жасатып алады.

«Қолданып жүргенімізге үш жылдай болды. Бұрын есікті ашуға сүймен қолданып, 5 минутқа дейін уақытты жоғалтсақ, мұнымен бір минуттың шешінде есікті, терезені, автокөліктер есігін, капоттарды сындырмай ашуға болады. Қолға да жеңіл, ұстауға да ыңғайлы.

Қазір біздің бөлімде осындай екі құрал бар. Екіншісін Петропавл ауыр машина жасау зауыты жасап берді. Осы кәсіпорын басшылығымен сөйлестік, келісім бар, болашақта өндірісті қолға алмақ, – дейді өрт сөндіруші.

Самат Жапаровтың негізгі мамандығы – экономист-заңгер. Бірнеше жыл түзеу мекемесінде еңбек еткен ол, тағдырдың айдауымен 2008 жылы өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасқан. Бұл салаға келгеніне өкінген кезі жоқ.

өрт сөндіруші
Фото: из открытых источников

 

өрт сөндіруші
Фото: СҚО ТЖД
өрт сөндіруші
Фото: СҚО ТЖД