Ингушетияда өлтірілген содыр алдын ала ақпарат бойынша Қазақстан азаматы болған емес - ҚР СІМ
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша, киімінен Қазақстан азаматының төлқұжаты табылған Ингушетияда өлтірілген содыр біздің еліміздің азаматы болған емес.
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте аталмыш министрліктің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің алдын ала ақпаратымыз бойынша, ол Қазақстан азаматы болған емес», деді брифингте І. Омаров журналистердің сұрағына жауап берген кезінде.
Айта кетейік, Ресейдің «Жаңалықтар» агенттігі үстіміздегі жылғы шілденің 11-інде Ингушетияда өлтірілген төрт содырдың біреуінен Қазақстан азаматының құжаттары табылғанын хабарлаған болатын. Агенттіктің мәліметінше, Шешенстан президенті Рамзан Қадыров арнаулы операция барысында Шешен-Ингуш әкімшілік шекарасының маңында Аршты ауылында Ясир атты лақап аты бар Азамат Махаури есімді содыр өлтірілгенін, ол өзін Ингушетия әмірімін деп жариялағанын, онымен бірге тағы да үш содырдың көзі жойылғанын, олардың біреуінде Қазақстанның Исмаил Джабаров есімді азаматының құжаттары болғанын айтқан.