Инклюзивті білім беруді қолдау мен педагог құқығын қорғау маңызды – 43 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласындағы №18 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлайым Рахымжанова Президент Жолдауында білім беру саласындағы өзекті мәселелерге назар аударылғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше тоқталғаны қуантады. Қазіргі таңда елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар шамамен 237 мың бала бар. Оларға қолайлы орта қалыптастырып, қажеттіліктерін ерте анықтау және әр балаға жеке қолдау көрсету маңызды. Бұл олардың қабілетін ашып, сапалы білім алуына мүмкіндік береді, – деді ұстаз.
Сондай-ақ Гүлайым Рахымжанова мектептердегі бюрократияны азайтып, мұғалімдердің негізгі жұмысына басымдық беру қажеттігін оң бағалады.
– Мұғалімдер кейде оқушылар тарапынан дөрекі сөздер мен әдепсіз әрекеттерге, тіпті күш көрсету жағдайларына тап болады. Сондықтан педагогтің мәртебесін көтерумен қатар, оның құқықтарын қорғау қажет. Президент айтқандай, мұндай мәселелерге отбасы, оқушы, мұғалім және мектеп бірдей жауапкершілікпен қарауы керек, – деп санайды Гүлайым Рахымжанова.
Білім саласында 43 жыл еңбек еткен ұстаз инклюзивті білім беруді дамыту, мұғалімдердің артық жүктемесін азайту және олардың құқықтарын қорғау мәселелерінің Жолдауда көтерілуін маңызды міндеттер деп санайды.
Айта кетейік, Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.