Инна Бондаренко ұлының мүрдесін Қытайдан Қазақстанға әкелуді ресімдеуге жәрдемдескен дипломаттарға алғыс айтты
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дағы ҚР Елшілігі консулдық бөлімнің жәрдемімен Харбин қаласында қаза тапқан Глеб Бондаренконың денесін Қазақстанға жеткізуді ресімдеу аяқталды. Оның мүрдесін сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні КС228 рейсімен әкеледі.
«Бізге елшілік көмектесті. Консул қағаздар, табытты Харбинге жеткізу проблемаларын шешіп берді. Бұған дейін жұмыстар жүрмей, бөгеліп қалған еді. Консулдықтың араласуымен мәселе жылдамырақ шешілді. Оларға рахмет», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Глебтің анасы Инна Бондаренко.
Оның айтуынша, мүрдені Қазақстанға 16-сынан 17-сіне қараған түні жеткізеді.
Еске салсақ, 9 наурызда елшілікке Қазақстан азаматшасы Инна Бондаренко 2009 жылы туылған Глеб Бондаренконың денесін елге әкелу үшін құжаттар ресімдеуге жәрдемдесу өтінішімен жүгінген. Ол 8 наурызда Хэйлунцзян солтүстік-шығыс провинциясындағы Харбин қаласында қаза тапқан. Өліміне себеп - ми бағанасының диффузиялық глиомасы.