«Инновациялы Қазақстан» республикалық идеялар конкурсы басталды

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанда «Инновациялы Қазақстан» республикалық идеялар конкурсы басталды.

 «Инновациялы Қазақстан» республикалық идеялар конкурсы басталды

Бұл туралы елордада ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Біз өткен жылғы тәжірибені зерделедік. Өйткені осы жолы қатысушылардың идеялары ұлттық компаниялардың технологиялық міндеттерін шешуге шынайы көмек бергенін қалаймыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше,  осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған байқаудың негізі мақсаты қордың еншілес компанияларының негізгі технологиялық міндеттерін шешу үшін ең үздік идеяларды жүзеге асыру болып табылады. Себебі ұлттық компанияларда энергетика, телекоммуникация, көлік және машина жасау, тау-кен ісі, мұнай-газ салаларында 143 техникалық міндет анықталды.

«Жобалар ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық тұрғыдан алып қарағанда тиімді, жүзеге асырылатын әрі рентабельді болуы тиіс. Сонымен қатар қор компаниялар тобының өзекті проблемаларын шешуге жәрдемдесуі қажет», - деді Қ.Бишімбаев.

Ағымдағы жылы байқау жеңімпаздары Қордың еншілес ұйымдары бекіткен 6 аталым бойынша, атап айтанда «Мұнай мен газ», «Энергетика», «Көлік», «Тау-кен ісі», «Телекоммуникация» және «Машина жасау» салаларында марапатталады.

Айта кетерлігі, баспасөз мәслихаты барысында Инновациялық идеялар ақпараттық инкубаторы жүйесі таныстырылды.