Инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып, 7 пайыздық өсімге қол жеткізу керек - Елбасы
«Осы сайлау арқылы дүниежүзі тағы да Қазақстанға көңіл бұрды. Бұл үлкен қуанышты жағдай. Кешегі Саммит өткеннен кейін, Азиада өткеннен кейін, соңғы сайлаудан кейін еліміз жақсы көңіл-күйде жүріп жатыр. Енді алдымыздағы міндеттердің барлығы белгілі. Олар биылғы Жолдауда да, «Нұр Отан» партиясының съезінде де айтылды. Алдымызда көп мақсаттар тұр»,-деді Президент.
Елбасы сөзінде инновациялық бағдарламаны жүзеге асырмаса болмайтындығын атап көрсетті. «Бізге 7 пайыздық өсім керек. Сол 7 пайыздың 4 пайызын шикізат береді, 3 пайызын өндірісті өңдеуден алуымыз керек. Осы жағын мықтап қолға алған жөн. Егер біз тек шикізатқа тәуелді болып қалатын болсақ, мұнайы да, газы да көп, бірақ артта қалған ел боламыз. Сондықтан бізге өте шапшаң қимыл қажет. Заман, дүние өзгеріп барады. Қалай болатынын және не болатынын ешкім де білмейді. Қазір дағдарысты біреулер бітті десе, ендігілері біткен жоқ дейді. Тағы біреулер ол енді басталып келе жатыр дейді. Үшеуі де дұрыс пікір. Ал біз осылардың барлығына дайын болуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.