Инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жұмыс орындарының 55 пайызы орта техникалық білімі бар қызметкерлерге арналған
Алқалы жиын аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылатын жобаларға қандай кадрлар қажет етілетіндігін мәлім етті.
Оның атап өтуінше, министрлік индустрияландыру картасына енгізілген 237 жобаға қажет етілетін жұмыс күші мамандықтарына сараптама жүргізген. «Бұл жобаларда 235 мың адамға жұмыс орны ашылады. Жұмыс орны көліктік, энергетикалық инфрақұрылымдарды қамтамасыз етуде, мұнай-газ секторында, тау-кен кешенінде, туристік индустрияда және машина жасау саласында көп жұмыс орындары ашылатын болады», деп нақтылай түсті Г.Әбдіқалықова.
Сонымен қатар министрдің айтуына қарағанда, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы барлық жобалардағы жұмыс орындарының 55 пайызы орта техникалық білімі бар қызметкерлерге арналған. Ал 15 пайызы жоғары білімді кадрларды қажетсінсе, 30 пайызы мамандардан біліктілік талап етпейді.