«Инновациялық Қазақстан» байқауының жеңімпаздары «Самұрық-Қазына» қорының кадрлық резервіне тіркелді
«АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев жастар арасындағы «Инновациялық Қазақстан» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Аталған конкурстың ақтық сайысына 21 жас ғалымдар өтті. Олардың ғылыми еңбегіне орай қор тарапынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар, «Технологиялық серпін» аталымында бас жүлде елордалық Айша Ысқақоваға бұйырды. Ол «Дәрі-дәрмекті қабылдауды оңтайландырудағы молекулярлық тәсілді әзірлеу» жобасы бойынша үздік танылды. Мұнымен қоса, «Әлеуметтік идея» аталымындағы бас жүлде қарағандылық Мария Бурова тапсырылды. Ол ауыр жағдайға душар болған жасөспірімдерге қолдау көрсету тұрғысындағы идеяны ұсынды.
Осы байқауда екі аталым бойынша бас жүлдегер атанған А. Ысқақова мен М. Бурованы қор басшысы 5 млн. теңге көлеміндегі білім гранттарымен марапаттады.
Ө. Шөккевтің айтуынша, аталған байқаудың финалына өткендердің барлығы «Самұрық-Қазына» қорының кадрлық резервіне тіркеледі және олар қор тобындағы компанияларда қызметке тұра алады.
«Инновациялық Қазақстан» байқауы өткен жылдың қыркүйегінде жарияланып, еліміздің 150 жоғары оқу орындарында таныстырылды. Жалпы осы уақытта байқауға қатысу үшін 2 313 өтінім тапсырылды.
Қор басшысының пайымдауынша, енді аталған байқау дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады.