«Инновациялық Қазақстан» конкурсының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын «Самұрық-Қазына» қоры жұмысқа алатын болды

Бұл туралы аталмыш қордың баспасөз қызметі хабарлайды.
Жастар арасында өтетін «Инновациялық Қазақстан» республикалық конкурсының он жүлдегері мен екі жеңімпазы олардың біліктілігі мен тәжірибесіне қарай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының компаниялар тобына жұмысқа қабылданатын болады. Аталмыш байқау Қазақстан жастары арасынан дарындыларда табу үшін ұйымдастырылған. Ал ақтық бәсекеге шыққандардың инновациялық идеялары олардың кәсіби деңгейінің, іс жүзінде жұмыста өзінің мүмкіндіктерін көрсетуге дайын екендігінің белгісі болып есептеледі.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Гүлмира Райысова: «Қазіргі кезде кез келген компанияға серпінді күш, тың идеялардың генераторлары мен алға жылжытушылары қажет деп ойлаймын. Мәселен, егер қатысушы ақтық мәредегі ондықтың қатарына ілігіп, оның инновациялық идеясы белгілі бір салаға инновация әкелетін болса, оны неліктен жұмысқа алмасқа?»,-деген пікірін білдірді.
Ақтық сынға шыққан оқушылар мен студенттерді қор кадрлық резервке қою мәселесін қарастыруға, сондай-ақ еншілес ұйымдардың бірінде жазғы практика мен тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынуға дайын.
Бұған дейін хабарланғандай, конкурс қорытындысы бойынша дарынды жастар пулы, сондай-ақ «идеялар мен жобалар топтамасы» құрылатын болады. «Инновациялық Қазақстан» конкурсының талаптарын түсіндіру республиканың 150-ден астам оқу орындарында өтіп жатыр. Конкурс басталған екі аптаның ішінде оған 80-нен астам өтініш келіп түсті. Арнайы жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижелері бойынша Астана, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматының 15 және 18 жас аралығындағы жастары ерекше белсенділік танытып отыр.