16:02, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Инновациялық қызметті қолдауға бағытталған заң жобасы Мәжіліске қайтарылды
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын талқылады.
Құжатқа бірқатар түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы республика заңнамалық базасын ел экономикасының инновациялық даму деңгейіне сәйкес келтіру, сондай-ақ елдегі инновациялық белсенділікті арттыру үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, жобада ғылымның өндіріспен байланысын нығайту шаралары көзделеді. Осыған орай, заң жобасында «инновация», «инновациялық грант», «инновациялық инфрақұрылым» секілді біршама жаңа ұғымдар енгізіліп отыр.
Сонымен қатар, заң жобасы ҚР Үкіметінің, инновациялық қызмет саласындағы уәкілетті органның, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзіретін кеңейту мен нақтылауды қарастырады. Құжатқа сәйкес инновациялық қызметтің мақсаттары мен қағидаттары қайта қаралады. Бұлар еліміздің инновациялық әлеуетін дамытуға және ішкі жалпы өнім құрылымында жоғары технологиялық өнімдер үлесін ұлғайтуға, субъектілер теңдігіне, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау кезіндегі рәсімдердің ашық болуына бағытталады. Сондай-ақ заң жобасымен отандық инновацияларды әзірлеу, енгізу және инновациялық қызметті сатып алу кезіндегі мемлекеттік қолдау нысандары мен инновациялық гранттар беру шаралары нақтыланып отыр.
Сенат депутаттары жобаны талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтар болсақ, заң жобасында инновациялық қызметті жүзеге асыру барысында ұлттық мүдделерді сақтау туралы қағидаттармен толықтырылды. Бұдан басқа, елдегі әкімшілік реформаға және нәтижеге бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа үлгісіне көшуге байланысты заң жобасынан жаңа салалық бағдарламаларды әзірлеуді көздейтін нормалар алып тасталды. Уәкілетті органның құзіреті де біршама қызметтермен қамтылды. Сонымен бірге, сенаторлар инновациялық дамудың кешенді шараларын ғылымның, білім берудің, өндірістің және қаржылық саланың өзара байланысын қамтамасыз ету жөніндегі толықтыруларды ұсынды.