Инновациялық технологиялар паркі жаңа идеяларды жүзеге асырудың нақты алаңы бола алады - Алматы әкімі

 АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін дамытуда ғылыми қолданбалы жоғары  оқу орындары  зерттеулерінің маңызы өте зор.

Инновациялық технологиялар паркі жаңа идеяларды жүзеге асырудың нақты  алаңы бола алады - Алматы әкімі

 Қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алматыдағы  ІІІ Иннновациялық конвент аясында өтіп жатқан халықаралық инновациялық форумда осындай пікір білдірді.

«Дамыған елдерде университеттер өз қызметіне өнеркәсіптік зерттеу мен  кәсіпкерлік құрылымдарды  тарту арқылы ірі инновациялық ғылыми-зерттеу орталықтарына айналуда. Мәселен Оксфорд университетінің 300-ден астам ғылыми  сиымды кәсіпорындармен байланысты кешенінің жылдық кірісі 5 миллиард долларды құрайды. Массачусетск  технологиялық университетінің бюджеті 1,8 миллиард доллар. Оның бизнес құрылымына 4 мыңға жуық  шағын ғылыми сиымды кәсіпорындар кіреді. Олардың жиынтық кірісі 480 миллиард долларды құрауда», - дейді А.Есімов.

Шаһар басшысының айтуынша, Алматыда еліміздегі жоғары оқу орындары ғылым мен өндірістің арасы  әлі  алшақ. Оны Innovation EXPO 2012 инновациялық жобалар көрмесінен де анық байқауға болады. Ғалымдар өз еңбектерінің өндіріске енгізілуіне өте мүдделі. Әзірге олар тек жоба күйінде ғана қалып отыр. Жалпы жаңа идеяларды жүзеге асырудың нақты  алаңы Алматыда Еркін экономикалық аймақ ретінде жұмыс жасайтын Инновациялық технологиялар паркі бола алады. Қазір 163 гектар алқапты құрайтын бұл аймақта   арнайы қолайлы салықтық және кедендік режім құрылды. Алдағы жылы парктің екінші кезеңінің инженерлік инфрақұрылымының құрылысы басталады.