Инновациялық жобалардың ғылыми өзектілігін анықтайтын халықаралық кеңес құрылады - Е.Орынбаев

азанның 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Инновациялық жобалардың ғылыми тұрғыдағы өзектілігі мен рынокқа тартымдылығын анықтайтын ғылым мен коммерциализациялау жөніндегі халықаралық кеңес құру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін «Технологияларды коммерциализациялау» жобасын Астана қаласында іске қосуға арналған симпозиум барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті.

Инновациялық жобалардың ғылыми өзектілігін анықтайтын халықаралық кеңес құрылады - Е.Орынбаев

Оның айтуынша, «Технологияларды коммерциализациялау»

жобасы - Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Елімізде қазан айының 4-нен бастап жүзеге асырыла бастаған жобаның аясында ел экономикасы мен ғылымының дамуына зор үлес қосатын үлкен ғылыми әлеуеті бар жобаларға грант бөлінеді деп күтілуде. Сонымен қатар ғылыми жаңалықтар мен экономика арасындағы байланысты арттыратын технологияларды коммерциализациялау офисі құрылады. Бұл шара өз кезегінде отандық ғылыми жаңалықтардың ұлттық, тіпті халықаралық деңгейге шығуына ықпал етеді.

«Ал ғылым мен коммерциализациялау жөніндегі халықаралық кеңеске ғалымдар мен технологияларды коммерциализациялау саласындағы мамандар кіреді. Сонымен қатар халықаралық материалтану орталығы құрылып, ол материалдардың құрамын зерттеу бағытындағы отандық ғылымның дамуына қомақты үлес

қосып, қазақстандық ғылымды жаңа даму деңгейіне көтереді. Материалдардың құрамын зерттеу шаралары жаңа өнімдердің дүниеге келуіне ықпал етіп, олар халықаралық технологиялар нарығында ойып тұрып орнын алатынына кәміл сенемін», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, Үкімет қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен экономиканы диверсификациялау, шикізатқа тәуелділіктен арылу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. «Бүгінгі жоба осы саясатты жүзеге асыруға қосыма күш болады деген үміттемін», деді Е.Орынбаев.