Инспекторлар Астана әуежайынан қауіпті гүл трипсін анықтап, оның көзін жойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Астанаға Нидерландыдан әкелінген өнімдерден батыс (калифорниялық) гүл трипсін анықтады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Инспекторлар Астана әуежайынан қауіпті гүл трипсін анықтап, оның көзін жойды

«Астана Халықаралық Әуежайы» фитосанитариялық бақылау бекетінде карантиндік тексеру барысында салат жапырақтары мен қара бүлдіргеннен нұсқалар алынып, республикалық карантиндік зертханаға жіберілген. Сараптама нәтижесі бойынша 85 келі салат жапырақтары мен 21 келі импортталған қара бүлдіргенде гүлді трипсі анықталды. Қауіпті зиянкеспен залалданған өнім кеден қызметкерлері мен экология мамандарының, сондай-ақ жүк иесінің көзінше өртелді», делінген баспасөз баянында. Тоқтала кететін жайт, 2014 жылы Нидерландыдан әкелінген өнімдерден аталған зиянкес 6 мәрте анықталған, оның 3-уі жаңа кесілген гүлдерде болыпты. Мамандардың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еліміздің жылыжайларында гүл трипсі жоқ. Сондықтан, гүл трипсін әкелу және оның таралуы республиканың жылыжайларындағы гүл мен көкөніс өнімдеріне жұқтыру қаупін тудырып, ондай өнімдер толықтай жоюын қажет етуі мүмкін. Мәліметтерге сүйенсек, жалпы республика бойынша өткен жылы карантиндік объектілермен залалданған 12 факт анықталса, соның 8-і батыс гүл трипсіне қатысты болған. Соның салдарынан 3 тоннаға жуық қауіпті жүк жойылған. Осы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы министрлігі карантиндік бекеттерімен 2,5 тонна жұқтырылған гүл мен көкөністерді анықтап, жойды. Айта кетейік, қазіргі таңда батыс (Frankliniella occidentalis) гүл трипсі жабық жерде өсірілетін гүлді, декоративті, көкөніс дақылдарының аса қауіпті зиянкесі болып табылады.