Интернет- алаяқтың құрбаны болмас үшін не істеу керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ішкі істер департаменті шаһар тұрғындарына интернет- алаяқтарынан сақ болуға шақырады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Интернет қолданушылары өзіне қажетті тауарды ғаламтордан іздеп отырып, қалаған затын арзан бағада көріп қалуы мүмкін. Ал бірақ, қарапайым адамдардың көбі аталған хабарландырудың қақпан екенін сезе бермейді. Өзара жазба алмасу кезінде сатып алушы мен сатушы ортақ бағаға келісіп, төлем жүргізу әдісін ақылдасып алады. Көп жағдайда келісілген сома толығымен QIWI-әмиян арқылы аударылады. Сома қолына тигеннен кейін сатушы ізім-қайым жоқ болып, аккаунтын жойып жібереді», - дейді ІІД-нің қылмыстық полиция басқармасының бөлім бастығы Талған Бөлегенов.
QIWI-әмиянды тіркеу үшін ешқандай құжат керек болмағандықтан, алаяқтардың тасы өрге домалап тұр. Бұл жағдай тәртіп сақшыларының жұмысына қиыншылықтар туғызады.
2017 жылы Астана полициясына интернет-алаяқтық әрекеттері бойынша 500 шағым келіп түскен. Алаяқтардың біршамасы Қазақстанның басқа қалаларынан немесе Ресейден, болмаса басқа да көршілес елдерден екені белгілі болып отыр.
Мәселен, Астана қаласының 26 жастағы тұрғыны белгісіз біреулер дәл осындай жолмен 35 200 теңгесін қолды еткенін айтып арызданған. Тапсырыс беруші QIWI-әмиян арқылы ақшасын төлеп қойып, тауарын үйінде күтіп отырған. Алайда тауар уәде берілгенімен сол күйі жеткізілмепті. Алданғаннан кейін ғана әлгі адам ондай интернет-дүкеннің мүлде жоқ екенін білген.
ІІД өкілі, интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін құқық қорғаушылар әлеуметтік желідегі күдікті келісімдерден бас тартып, алдын ала ақы төлеуге асықпауға шақырады.