Интернет арқылы өтетін халықаралық шахмат жарысына Ж.Әбдімәліктің шахмат академиясы да қатысуы мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Жансая Әбдімәліктің шахмат Академиясы филиалының ашылу рәсіміне қатысқан, шахматтан әлемнің 12-ші чемпионы, халықаралық гроссмейстер Анатолий Карпов «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында биыл 2 сәуірде А.Карповтың шахмат мектептерінің интернет бойынша тұңғыш рет халықаралық турнирі өткізілетіндігін мәлімдеді.
None
None

«Бұл турнирге тек менің шахмат мектептерім ғана емес, менімен байланысы бар басқа да мектептер қатыса алады. Қазір Ресейдің 40 шақты өңірі мен әлемнің 32 елінде менің шахмат мектептерім жұмыс істейді. Мысалы, АҚШ-та, Германияда үш мектебім, Францияда екі мектебім бар. Сондықтан, қазақстандықтар да шахмат бойынша осы ғаламторлық бағдарламамызды басшылыққа алуларына әбден болады», - деді А. Карпов.

Сонымен қатар, ол Қазақстандағы түзету колонияларын да шахматтан өз атынан ғаламтор бойынша өткізілетін халықаралық турнирге қатысуға шақырды.

«Мен алдағы 1 сәуірде АҚШ-тың Чикаго қаласында боламын. Сол жерде он-лайн режімінде шахматтан интернет бойынша АҚШ пен Ресейдің қамаудағы адамдары арасында Халықаралық жолдастық матч өткіземін. Неге Чикаго? Өйткені, мұнда 16 мың адамдық алып түрме орналасқан. Мұнда 6 жылдан бері қамалушылар арасында шахмат қарқынды дамытылып келеді. Ал Ресейде бұл бағдарлама менің бастамаммен 17 жыл бұрын қолға алынған. Сол үшін Қазақстандағы түзету колонияларын осы бағдарламаға қатысуға шақырамын», - деді А. Карпов.

Өз кезегінде Жансаяның анасы, Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы филиалының оқу ісі бойынша директоры Алма Әшірова қазір Анатолий Карповтың шахмат мектептерінің интернет бойынша алғашқы халықаралық турниріне академияның да қатысу мүмкіндігі қарастырылып жатқандығын жеткізді.

Айта кетелік, турнир жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табыс етіледі.

Соңғы жаңалықтар