Интернет арқылы пәтер жалдамақ болған қостанайлық алданып қалды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық ІІД «Anti - Fraud» іс-шарасы аясында интернет-ресурстарға сараптама жүргізіп, құқыққа қайшы сипаттағы материалдары бар 22 сайтты бұғаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Anti-Fraud» профилактикалық шарасы кезінде облыстағы киберқылмыскерлер қолға түсті. Олар ғаламтор арқылы тұрғындарды сан соқтырып келген. Мәселен, Қостанай қаласының тұрғыны екі интернет алаяғының құрбаны болғанын айтып, полицейлерге шағымданған.
«Жапа шеккен әйелдің айтуынша, ол «OLX» сайты арқылы жалға пәтер алғысы келген. Әлдебір хабарландыру пәтер бағасының арзандығымен әрі қолайлы жағдайларымен мұның назарын бірден аудартқан. Сатушы телефон арқылы байланысқан жәбірленушіге пәтерақыны ертерек төлеу керектігін айтады. Сөзіне сенген тұрғын сатушы кеңес берген бөгде ер кісіге барып, қолына 56 500 теңге санап берген. Бұдан соң жалға беруші тұлға бұл әйелмен арадағы байланысты үзіп, телефонын өшіріп тастайды», - делінген ПД баспасөз хабарламасында.
Осы факті бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Олардың сол уақытта Қостанайдың басқа бір тұрғынынан 57 мың теңге алғаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қостанайлық тәртіп сақшылары тағы да азаматтарға интернет арқылы сауда жасар кезде барынша сақ болуды ескертеді.
«Барлық келісімшарт екі тараптың көзбе-көз кездесуі арқылы ғана іске асуы қаперден шықпауы керек. Сондай-ақ, өз мүлкіңізді қауіпсіздендіру үшін карталық шоттарыңыздың дербес анықтамаларын және пин-кодтарды бейтаныс адамдарға ешқандай жағдайда айтуға болмайды. Егер қалай болғанда да алаяқтардың құрбанына айналсаңыз, бірден полицияға жүгінуіңіз шарт», - деп хабарлайды ПД-нің баспасөз қызметі.
Осыған дейін Қостанай облысында «Электронды малшы» жобасы енгізілілгендігін хабарлағанбыз.