Интернет арқылы сауда жасамақ болған СҚО тұрғыны 550 мың теңгесінен айырылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны интернеттегі хабарландыру бойынша көлік сатып алмақ болып, 550 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны жазда интернет желісінде «Mercedes» минивэнінің сатылатындығы жөнінде хабарландыруды көреді. «Сатушы» оның сеніміне кіру үшін баласының еміне шұғыл ақша қажет екендігін айтып, жеке құжаттарының суреттерін көрсеткен. Кейін ол құжаттардың интернеттен алынған бөтен адамның суреттері екені анықталған.
Петропавл тұрғыны «сатушыға» 550 мың теңге көлемінде алдын ала ақша аударған. Содан кейін хабарландыру иесі байланысқа шықпай қойған. Жәбірленуші полицияға арызымен жүгінді.
Аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер күдіктіні – Алматы қаласының 39 жастағы тұрғынын анықтады. Күдікті сотқа дейінгі тергеу кезінде жәбірленушімен татуласып, істі тоқтатқысы келген. Алайда тергеу материалдары сотқа жолданатын болады.
«Алдын ала төлем талап ету жағдайларына күдікпен қарау керек. Мұндай тәсіл – интернет-алаяқтықтың кең тараған түрі. Интернет арқылы сауда жасауға сақтықпен қарауды сұраймыз. Алдын ала төлем жасау талаптарына көнбеңіздер, тауарға видеошолу жасауды сұраңыздар», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.