Интернет арқылы жұмыс іздеушілердің 70 пайызы ірі қалаларда еңбек еткісі келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр қазақстандық жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына қажетті мамандарға ұсынған орташа айлығы 246 мың теңге болған. Ал ұсынылған медиандық айлық көрсеткіші ең жоғары қала – Астана болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
hh.kz ресурсы бір жыл көлемінде сайтқа жүктелген бос жұмыс орындары туралы хабарландырулар мен мен түйіндемелер жайында сараптама таратты.
«2022 жылы жұмыс іздеушілер жұмыс берушілердің бос орын туралы хабарландыруларына шамамен 38 миллион рет үн қатқан. Ал жұмыс берушілер сол тйүіндемелер негізінде сұхбаттасуға 6 миллионға жуық шақыру жіберді. Яғни, жұмыс іздеушілер сұхбатттасуға шақыру алу үшін кемінде алты жерге түйіндеме жіберген. Оның бесеуі жауапсыз қалған», - деп жазылған сараптамада.
Аталған сайтта жұмыс берушілерден 400 мыңнан астам бос жұмыс орны туралы хабарландыру шыққан. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 23% артық.
Сайт арқылы жұмыс іздеушілердің басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында еңбек еткісі келеді. Ал бос жұмыс орындарының 40 пайызы Алматыда, 20 пайызы Астанада болған.
«Бір жыл ішінде ұсынылған орташа арифметикалық жалақы 246 890 теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,4% жоғары. Ал ұсынылған медиандық жалақы (еңбекақы сомалар шкаласының тура ортасындағы шама) -204 578 теңге болған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12% артық», - деп жазылған сайтта.
Ұсынылған медиандық айлықтың мөлшері бойынша Астана көш бастап тұр (222 мың теңге). Алғашқы үштікті Алматы (202 мың теңге) мен Қарағанды (194 мың теңге) қалалары түйіндеп тұр. Ең жоғары айлық ақпараттық технология саласындағы бағдарламашыларға ұсынылса, ең төменгі айлық күтушілер мен үй қызметшілеріне ұсынылған.
Ал сұраныс көп мамандықтар тізімінде сауда саласы, бухгалтерлік пен аудит есебі, әкімшілік персонал мен көлік-логистика саласы алдыңғы үштікті түзген.