Интернет нарық қалыптасса бәсеке орнап, сапалы дүниелер шығады - А.Еркімбай
АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақ интернет мәселесін сол тілді жетік біле бермейтін орыс тілді немесе орыс тілді интернетін зерттейтін азаматтар көтерген кезде қате мағлұматтар беруі мүмкін.
Бұл жайында бүгін «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Еркімбай Алматыда қазақ интернетінің мәселелері жөнінде өтіп жатқан жиын барысында айтты.
Оның айтуынша, бізде қазақ интернетін кеңінен қолданушылар бар. Олар ешкімге жалтақтамай, үкіметке алақан жаймай өздерінше дамуда. "Қазіргі бір жайт - қазақ тілді интернет нарығын қалыптастыру. Егер интернет нарық қалыптасса қазақша контетенттер артып, өзін ақтайтын болады. Мемлекеттің қаржысы интернет нарығын қалыптастыруға тікелей жұмсалса игі болар еді. Интернет нарық қалыптасса, бәсеке орнап, сапалы дүниелер шығады",-дейді А.Еркімбай.
Сонымен қатар ол қазір азаматтық қоғамда тіл жағынан орыс және қазақ тілді болып бөлінуді байқайтындығымызды және оны интернетте де көретіндігімізді айтады. "Бір артықшылығы - қазақ тілді қолданушылар орыс тілінде де жақсы түсінеді, яғни олар орыс тілді сайттар не жазып отырғанын біліп отырады. Ал орысша ғана білетін қолданушылар қазақ тілділер не жазып жатқанын біле бермейді", -дейді ол.
"Қазақстанда қазақ тілді сайттардың үлесі 12-14 пайыздан аспайды деп жатады. Бұл әсте олай емес. Себебі интернетте шекара жоқ. Қазақ тілді интернетті айтқан кезде тек Қазақстандағы емес, Моңғолия, Түркия және басқа елдердегі қазақ тілді сайттарды қоса айтуымыз керек. Мейлі, қарпі өзгеше шығар, бірақ ішкі мазмұны бір", -деп атап өтті «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі.